Еңбекті қорғау және қауіпсіздік
Жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау – Қазатомөнеркәсіптің еңбекті қорғау саласындағы басты міндеті. Компания үздік әлемдік практикаларға сай болуға, ұлттық және халықаралық талаптарды бұлжытпай орындауға және еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті (ЕҚ және ӨҚ) басқару жүйесін үнемі жақсартуға тырысады.
Қазатомөнеркәсіпте халықаралық стандарттарға сәйкес өндірістегі денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігінің менеджмент жүйелері кеңінен енгізілуде. Өндірістік кәсіпорындарда ISO 45001 стандартына сәйкес денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігінің менеджмент жүйесі енгізілді.
ЕҚ және ӨҚ саласындағы негіз қалаушы құжат Қазатомөнеркәсіптің еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау, радиациялық және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Саясаты болып табылады. Топтың барлық қызметкерлері мен мердігерлеріне таралады. Компания қызметкерлері үшін Қазатомөнеркәсіптің Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасының кодексі де міндетті болып табылады. ЕҚ және ӨҚ бойынша барлық іс-шаралар, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі нәтижелер Директорлар Кеңесі жанындағы Өндірістік қауіпсіздік комитетімен (HSE) және Қазатомөнеркәсіп Басқармасы жанындағы тәуекелдерді басқару комитетімен үнемі қаралады және талданады.
Қазатомөнеркәсіптің өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесі ISO 14001;2015 және ISO 45001:2018 халықаралық стандарттарына сәйкестігі бойынша сертификатталған.
Еңбекті қорғау және қауіпсіздік шараларының тиімділігі
Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарындағы өндірістік жұмыстар еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Тұрақты негізде апаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылданады. Компанияда қауіпсіздік мәдениетін халықаралық озық тәжірибелер деңгейіне дейін көтеру және барлық деңгейдегі қызметкерлер мен менеджерлердің өндірістік қауіпсіздік талаптарын саналы түрде сақтау деңгейін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі.
100% Қазатомөнеркәсіп қызметкерлері 2020 жылы еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелерін басқару жүйесімен қамтылды.
Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ISSA) жұмыстағы қауіпсіздік, денсаулық жағдайы мен әл-ауқатты жақсарту бойынша бастамасын қолдай отырып, Компания Vision Zero халықаралық бағдарламасының қатысушысы ретінде тіркелді.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында және Vision Zero тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Компания өзінің барлық қызметкерлері мен мердігерлік ұйымдары қолдануға міндетті «Қауіпсіздіктің алтын қағидаларын» анықтап қабылдады:
- Көшбасшы болу – адалдықты көрсету
- Қауіптерді анықтау – қауіптерді бақылау
- Мақсаттарды анықтау – бағдарламаларды әзірлеу
- Өндірістік қауіпсіздік жүйесін ұдайы жетілдіріп отыру – ұйымның жоғары деңгейіне қол жеткізу
- Жұмыс орындарында, жабдықты пайдалану және қауіпті заттармен жұмыс істеу кезінде өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
- Біліктілікті арттыру – кәсіби дағдыларды дамыту
- Кадрларға инвестициялау – қатысу арқылы ынталандыру
2019 жылы сонымен қатар барлық ЕТҰ-да Lock out/Tag out (Ескерту жапсырмаларын ілу арқылы қауіпті энергия көздерін бұғаттау) жүйесі мен қауіпті іс-қимылдарды, қауіпті шарттарды, әлеуетті қауіпті жағдайларды есепке алу – Near-Miss рәсімі енгізілді.
Жұмыскерлердің денсаулығын сақтау және жұқтыру қаупін азайту мақсатында Компанияның барлық ЕТҰ-ларында ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, денсаулық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіледі. ЕТҰ орналасқан аумақтардағы сырқаттанушылық деңгейін болжау және қабылданатын эпидемияға қарсы іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін Қазатомөнеркәсіпте СOVID-19 бойынша мамандандырылған талдамалық платформа енгізілді.
Жұқтыру қаупін төмендету бойынша тосқауыл шаралары ретінде мынадай іс-шаралар атқарылуда: байланыссыз бейнетермометрия, зарарсыздандыратын туннельдер орнатылды, кәсіпорындардың кіру топтарында ПТР-тестілеу арқылы рұқсат беру ұйымдастырылды, жұмыскерлер пайдалануы үшін зарарсыздандыру құралдарының, ЖҚҚ, антисептиктердің азаймайтын қоры құрылды, жұмыс орындарында әлеуметтік қашықтық қамтамасыз етілді, т.б.
Қазатомөнеркәсіп өз қызметкерлерін ЕҚ және ӨҚ мәселелерін басқаруға белсенді қатыстырады. Компания кәсіпорындарында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, құрамына паритеттік негізде жұмыс берушінің өкілдері және техникалық инспекторларды қоса алғанда, қызметкерлердің өкілдері кіретін қауіпсіздік бойынша өндірістік кеңестер құрылды. Өндірістік кеңестер өндірістік қауіпсіздік қызметтерінің орнын баспайды, бірақ қауіпсіздік пен еңбекті қорғау, өндірістік жарақат пен кәсіби аурулардың алдын алуды қамтамасыз ету бойынша қызметті толықтырады.
Компанияда өндірістік қауіпсіздік қызметтерінің басшыларымен бейнеконференция режимінде орын алған жазатайым оқиғалардың себебін талдау және олардың алдын алу бойынша іс-шараларды әзірлеу бойынша тұрақты кеңесулер өткізу практикасы қолданылып келеді.
Өндірістік жарақат пен ЖКО-ын талдау нәтижелері бойынша барлық ЕТҰ-ға жазатайым оқиғалардың алдын алу және ескерту бойынша іс-шаралар тізімімен ақпараттық хаттар әзірленіп, таратылады. Бұған қоса, Топтың барлық бөлімшелерінде қауіпсіздік техникасы бойын¬ша жоспардан тыс нұсқамалық өткізумен қатар қызметкерлермен оқыс оқиғалардың себептері мен жағдайы талқыланады.
Жазатайым оқиғалар туралы хабарландыру жазатайым оқиға орын алған кезде қолданылатын хабарлау алгоритмімен қамтылған Қоғамдық қауіпсіздік, материалдық құндылықтардың сақталуы, төтенше оқиғалар кезінде жауап қайтару туралы бұйрығымен реттеледі. Персоналдың жазатайым оқиға мен апат кезіндегі іс-қимылы Апатты жою жоспары мен нұсқаулықтарында сипатталған.
Қазатомөнеркәсіп персоналдың өмірі мен денсаулығын сақтаудың басымдығы принципін негізге ала отырып, өз қызметін жүзеге асырады. Денсаулықты сақтау құралдарының бірі медициналық сақтандыру, сондай-ақ әлеуметтік пакетке енгізілген қызметкерлерді сауықтыру және санаторлық-курорттық емдеу бағдарламалары болып табылады. Бұдан басқа Компания мен кәсіподақ арасындағы Ұжымдық шартты орындау шеңберінде санаторлық-курорттық сауықтыру және емдеу бойынша персоналға қосымша бағдарламалар ұсынылады.
Өз қызметінде ядролық материалдарды қолданатын Компанияның кәсіпорындарында ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық материалдармен жұмыс істеген кезде технологиялық регламенттің сақталуы және ядролық қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтардағы талаптардың орындалуы бақыланады.
Компанияның кәсіпорындарында ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ядролық материалдарды түгендеу, ядролық қауіпсіздік жағдайын тексеру шаралары уақтылы өткізіліп тұрады. Қабылданған шаралардың тиімділігінің көрсеткіші ретінде есептік жылы оқыс оқиғалар мен авариялардың болмауы танылады.
Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету атом энергиясын пайдалану және халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласындағы заңды талаптарды орындауға, сонымен қатар кәсіби радиациялық қорғаныс саласындағы АЭХА-ның озық тәжірибесін ескеруге негізделген.
Радиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру және персоналды қорғау мақсатында радиациялық жағдайды жақсарту бойынша іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі:
- үй-жайлардағы жөндеу жұмыстары және жабдықтарды жаңғырту
- бүлінген немесе ескірген жабдықты ауыстыру
- желдету жүйелерін жөндеу және жаңғырту
- төмен радиоактивті қалдықтарды көму пункттеріне шығару
- жаңа жетілдірілген радиациялық бақылау аспаптарын сатып алу
- жұмыскерлерді радиациялық қауіпсіздік жөніндегі курстардан өткізу
- уәкілетті органда персоналды аттестаттау
Қазатомөнеркәсіп төтенше жағдайларға дайындықтың жоғары деңгейін қолдауға бағытталған іс-шараларды үнемі жүзеге асырады. Компания ғимаратында тұрақты негізде өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерін тексеру жүргізіледі. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы халықаралық сертификаттық аудитпен тексеру нәтижелері бойынша Компания ғимараты ISO 14001:2015, ISO 45001:2018 стандарттарының талаптарына сай келді.